НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанның бірінші, әлемнің 17-ракеткасы Елена Рыбакина Чикаго (АҚШ) WTA 500 турнирінің үшінші айналымына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Осы жарыстың 5-ракеткасы болып тіркелген Е.Рыбакина екінші айналымда рейтингте 106-орында тұрған Беларусь өкілі Александра Сасновичпен кездесті.
Қазақстандық теннисші 6:4, 6:4 есебімен жеңіске жетті.
Сағат жарымға жуық уақытқа созылған бәсеке барысында Е.Рыбакина 4 эйс жасап, 7 брейк-пойнттың үшеуін пайдалана білді. Қарсыласы 3 эйс, 1 брейкпен шектелді.
Е.Рыбакина жүлде қоры 565 мың АҚШ долларынан асатын доданың ширек финалына шығу үшін әлемнің 31-ракеткасы, ресейлік Вероника Кудерметовамен таласады. Бұдан бұрын Е.Рыбакина Острава турнирінде В.Кудерметованы ұтқан болатын.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Зарина Диястың Astana Open турнирінің ширек финалына шыға алмағанын жазған болатынбыз.
Есесіне Юлия Путинцева ширек финалға өтті.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).