НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанның бірінші, әлемнің 20-ракеткасы Елена Рыбакина Индиан-Уэллс WTA 1000 турнирінің ширек финалына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстандық теннисші төртінші айналымда әлемнің 51-ракеткасы, швейцариялық Виктория Голубичпен кездесті.
Жүлде қоры 8,4 млн АҚШ долларына бағаланған осы жарыстың екінші айналымында швейцариялық спортшы тағы бір қазақстандық Юлия Путинцеваны тартысты ойында жеңіп кеткен болатын.
Ю.Путинцеваның кеткен есесін Е.Рыбакина қайтарды. Ол сағат жарымдай уақытқа созылған матчта қарсыласын 7:6 (7:5), 6:2 есебімен қапы қалдырды.
Елена 5 эйс жасап, 3 брейк-пойнтты түгелдей пайдаланды. В.Голубич 2 брейк-пойнттың біреуін ғана өз есебіне жаза алды.
Е.Рыбакина жартылай финалға шығу үшін әлемнің 6-ракеткасы, грекиялық Мария Саккаримен таласады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның Индиан-Уэллсте Аустралияның екі дүркін чемпионын жеңгенін, Заңғар Нұрланұлының Еуропа рейтингі жақсара түскенін жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Александр Бублик Индиан-Уэллсте төртінші айналымға шыға алмады.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).