НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанның бірінші, әлемнің 22-ракеткасы Елена Рыбакина Мадрид WTA 1000 турнирінің үшінші айналымына шыға алмады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстандық теннисші екінші айналымда әлемнің 16-ыншы, осы айтулы доданың 13-ракеткасы, бельгиялық Элиза Мертенспен күш сынасты.
Тартысты өрбіген матч барысында бірінші партияда Э.Мертенстің тай-брейкте бағы жанды – 7:6 (7:4).
Екінші сетте де бельгиялық теннисші сәттірек ойнады – 7:5.
Бәсеке 2 сағат 15 минутқа созылды.
Э.Мертенс ширек финалға шығу үшін әлемнің 3-ракеткасы, румыниялық Симона Халеппен таласады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақстандық теннисшінің АҚШ-тағы турнирдің жеңімпазы атанғанын, Александр Бубликтің Мадрид мастерс жарысының екінші айналымына шыққанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Жібек Құламбаева Мысырдағы турнирде чемпион атанды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).