НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстандық Михаил Кукушкин Лос Кабос (Мексика) ATP турнирінің жартылай финалына өте алмады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Дүниежүзілік рейтингте 45-орында тұрған М.Кукушкин ширек финалда әлемнің 27-ракеткасы, аргентиналық Диего Шварцманмен күш сынасты.
Бірінші партияда аргентиналық спортшы айқын басымдылық көрсетті - 6:1.
Екінші сетте де 3:1 есебімен алға кетті. Ақыры ол матчты жеңіспен түйіндеді - 6:2.
Бәсеке бір сағатқа жуық уақытқа созылды.
Бұған дейін қарсыластар өзара үш мәрте кездесіп, соның екеуінде қазақстандық теннисші жеңген еді. Енді есеп теңесті - 2:2.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын М.Кукушкиннің Лос Кабос, ал Зарина Диястың Вашингтон турнирінің ширек финалына шыққанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).