АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның бірінші, әлемнің 50-ракеткасы Михаил Кукушкин Марсель (Франция) турнирінің алғашқы айналымында америкалық Денис Кудламен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Жүлде қоры 668 485 еуроға бағаланған турнирде қазақстандық теннисші дүниежүзілік рейтингте 61-сатыдағы қарсыласын екі сетте ұтты.
Қос партия да 6:3 есебімен аяқталды.
Матч барысында М.Кукушкин алты эйспен қатар үш бірдей брейк жасай білді. Қарсыласы бірде-бір брейкке қол жеткізе алған жоқ.
Бәсеке 1 сағат 22 минутқа созылды.
Қазақстандық теннисші екінші айналымда осы турнирдің 4-ракеткасы болып тіркелген рейтингте 25-сатыдағы канадалық Денис Шаповаловпен кортқа шығып, ширек финал жолдамасын сарапқа салады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақстандық теннисшілердің Дубай турниріндегі қарсыластары белгілі болып, Ю.Путинцева мен З.Диястың алғашқы айналымнан аса алмағанын, М.Кукушкиннің рейтингте үздік елулікке енгенін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).