Теннис: Кукушкин мен Рыбакина «Ролан Гаррос» турнирінің екінші айналымына өте алмады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Михаил Кукушкин мен Елена Рыбакина 'Ролан Гаррос' турнирінің екінші айналымына өте алмады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстанның бірінші, әлемнің 51-ракеткасы М.Кукушкин рейтингте 55-орында тұрған словакиялық Мартин Клижанмен кездесті.

Алғашқы екі партияда қазақстандық теннисші 6:3, 7:5 есебімен жеңіске жетті. Осыдан кейін бір сетті алса, жетіп жатыр еді. Алайда ойын тізгінін қолына алған словакиялық теннисші 6:4, 6:2 және 6:3 есебімен матчты өз пайдасына шешті.

Тартысты бәсеке 3 сағат 50 минутқа созылды.

М.Клижан екінші айналымда әлемнің 26-ракеткасы, франциялық Лукас Пуильмен кортқа шығады.

Әйелдер арасында рейтингте 141-орында тұрған Елена Рыбакина да жарыс жолынан шығып қалды. Ол әлемнің 42-ракеткасы, чехиялық Катержина Синяковаға 6:7 (5:7), 1:6 есебімен есе жіберді.

Осылайша жекелей сында "Ролан Гаррос" турнирінде Қазақстаннан Зарина Дияс пен Александр Бублик қана қалды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын З.Диястың екінші айналымға шыққанын, А.Бубликтің турнирді жеңіспен бастағанын жазған болатынбыз.