НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанның бірінші, әлемнің 44-ракеткасы Михаил Кукушкин Монреаль (Канада) ATP турнирінің бірінші айналымында-ақ ұтылып қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстандық теннисші бастапқы кездесуін рейтингте 69-орындағы франциялық Адриан Маннариномен өткізді.
Франциялық теннисші 6:4, 6:4 есебімен екі партияда жеңіске жетті.
Бәсеке сағат жарымға созылды.
Қарсыластар бұдан бұрын 2016 жылы Ролан Гаррос турнирінде шеберлік байқасып, онда да франциялық теннисші басым түскен болатын. Енді ол өзара есепті 2:0-ге жеткізді.
А.Маннарино екінші айналымда әлемнің 14-ракеткасы, хорватиялық Борна Чорич немесе рейтингте 84-сатыдағы германиялық Петер Гоёвчиктің біреуімен шеберлік байқасады.
Жүлде қоры 6,3 млн АҚШ долларынан асатын Монреальдағы мастерс турнирі 11 тамызда аяқталады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Юлия Путинцеваның Торонто турнирінің екінші айналымына шыға алмағанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).