НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық, әлемнің 129-ракеткасы Михаил Кукушкин US Open турнирінің іріктеу сайысын жеңіспен бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Іріктеу сайыстарының 13-ракеткасы болып тіркелген М.Кукушкин бастапқы кездесуін дүниежүзілік рейтингте 193-орындағы франциялық Матиас Буркпен өткізді.
Тартысты матчта қазақстандық теннисші 4:6, 6:3, 7:6 (7:2) есебімен жеңіске жетті.
2 сағат 40 минутқа созылған бәсекеде М.Кукушкин 8 эйс жасап, 10 брейк-пойнттың екеуін пайдаланды. Қарсыласы 11 эйс, 2 брейкке (6 брейк-пойнт) қол жеткізді.
М.Кукушкин іріктеу сайыстарының жартылай финалында әлемнің 168-ракеткасы, тайбэйлік Джейсон Джангпен шеберлік байқасады.
Тағы бір қазақстандық, рейтингте 182-сатыда тұрған Дмитрий Попко өзінен үш саты жоғары тұрған словениялық Блаж Роладан 2:6, 5:7 есебімен ұтылып қалды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақстандық теннисшілердің US Open турнирінің іріктеу сайысында бақ сынайтынын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).