НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандықтар Александр Недовесов пен Андрей Голубев жұптық сында Хорватиядағы Сплит 2 челленджер турнирінің жартылай финалына өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстандық жұп ширек финалда чехиялықтар Зденек Колар – Лукаш Росолмен шеберлік байқасты.
А.Недовесов бұдан бұрын Сплиттегі дәл осындай челленджер жарысының жартылай финалында қарсыластарын тізе бүктірген болатын.
Матч бұл жолы да тартысты өрбіді.
Бірінші партияда чехиялық жұп басымдылық көрсетті – 6:3.
Екінші сетте қазақстандықтар дәл осындай есеппен қарымта қайыра білді.
Тай-брейкте Недовесов пен Голубев жеңіске жетті – 10:8.
Бәсеке 1 сағат 19 минутқа созылды.
Қазақстандық жұп финалға шығу үшін Польша өкілдері Шимон Валков – Ян Зелинскимен таласады. Қазақстандықтар бұдан бұрын Сплитте осы жұппен финалда кездесіп, жеңіске жеткен болатын.
Ш.Вальков – Я.Зелински ширек финалда хорватиялықтар Дуже Айдукович – Фран Нинчевичті 6:0, 6:4 есебімен ұтты.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақстандық теннисшілердің Хорватиядағы турнирдің ширек финалына шыққанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).