НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстандық теннисші Александр Недовесов Шымкент челленджер турнирінің жартылай финалына өте алмады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Дүниежүзілік рейтингте 194-орында тұрған А.Недовесов ширек финалда осы турнирдің үшінші, әлемнің 154-ракеткасы, словакиялық Андрей Мартинмен кездесті.
Словакиялық спортшы бірінші сетте 6:2 есебімен басымдылық көрсетсе, екінші партияда да есесін жіберген жоқ - 6:3.
Бәсеке 1 сағат 13 минутқа созылды.
А.Мартин финалға шығу үшін испаниялық Даниэль Химено-Травер немесе чилилік Алехандро Табилоның біреуімен таласады
Осылайша жүлде қоры 54 мың АҚШ долларына бағаланған Шымкент турнирінде жекелей де, жұптық сында да Қазақстаннан ешкім қалған жоқ.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның Хертогенбос жарысының, ал Александр Недовесовтің Шымкент турнирінің ширек финалына шыққанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).