НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық Юлия Путинцева Аделаида (Аустралия) турнирінің іріктеу сайысын жеңіспен бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Әлемдік рейтингте 32-орында тұрған, іріктеу сайыстарының 1-ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші алғашқы кездесуін жапониялық Ена Шибахарамен өткізді.
Ю.Путинцева рейтингте 502-сатыдағы қарсыласын 6:3, 6:4 есебімен тізе бүктірді.
Қазақстандық спортшы іріктеу сайыстарының финалында әлемнің 88-ракеткасы, ресейлік Виталия Дьяченкомен шеберлік байқасады. Оны жеңсе, негізгі турнирге жолдама алады.
Бұған дейін Аустралия еліндегі тағы бір жарыс – Брисбенде іріктеу сайыстарынан өткен Ю.Путинцева ширек финалға шыға алмаған болатын.
Осы додалардың қай-қайсысы да Аустралия ашық чемпионаты қарсаңында өткізілуде.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның Қытайдағы турнирдің финалына шыққанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).