НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанның бірінші, әлемнің 32-ракеткасы Юлия Путинцева Брисбен (Аустралия) WTA турнирінің ширек финалына шыға алмады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бұған дейін әлемнің 20-ракеткасын ұтқан қазақстандық теннисші екінші айналымда рейтингте 27-орында тұрған америкалық Даниэль Коллинзбен кездесті.
Бұл жолы Ю.Путинцева қарсыласына еш қайрат қыла алмады. Сөйтіп 1:6, 0:6 есебімен ойсырай жеңілді.
Бәсеке бір сағатқа жуық уақытқа созылды.
Д.Коллинз жүлде қоры 1,5 АҚШ долларына бағаланған жарыстың жартылай финалына шығу үшін корт иесі Саманта Стосур немесе әлемнің 13-ракеткасы, тағы бір америкалық Мэдисон Киздің біреуімен таласады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Михаил Кукушкиннің Доха турнирінің екінші айналымына шыққанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).