НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстанның бірінші, әлемнің 23-ракеткасы Елена Рыбакина Дубай WTA турнирінің үшінші айналымына шыға алмады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстандық теннисші екінші айналымда әлемнің 31-ракеткасы, Тунис өкілі Онс Жабермен кездесті.
Бірінші партия тай-брейкке дейін жетіп, онда Жабердің жолы болды - 7:6 (8:6).
Екінші сетте есеп 1:1 болғанда, Рыбакина брейк жасай алғанымен, Жабер таразы басын теңестірді. Дегенмен қазақстандық спортшы тағы брейкке қол жеткізіп, өз геймін алды - 6:4.
Үшінші, шешуші партияда тунис қызы басымдылық көрсетті - 6:2.
Тартысты бәсеке 2 сағат 19 минутқа созылды.
О.Жабер ширек финалға шығу үшін әлемнің 54-ракеткасы, швейцариялық Жиль Белен Тайхманмен таласады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Е.Рыбакинаның Дубай турнирінің екінші айналымына шыққанын, А.Бубликтің Доха жарысын жеңіспен бастағанын жазған болатынбыз.
Д.Евсеев пен Д.Попко Санкт-Петербург турнирінің екінші айналымына шықты.
Ал М.Кукушкин Марсельде жеңіліп қалды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).