НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанның бірінші, әлемнің 22-ракеткасы Елена Рыбакина жұптық сында ресейлік Анастасия Павлюченковамен бірге Ролан Гаррос турнирінің үшінші айналымына өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстандық-ресейлік жұп екінші айналымда аустралиялықтар Сторм Сандерс – Айла Томляновичпен күш сынасты.
Е.Рыбакина мен А.Павлюченкова екі сетте 6:2, 6:2 есебімен жеңіске жетті. Олар матч барысында 1 эйс жасап, 7 брейк-пойнттың бесеуін пайдаланды. Қарсыластары 1 брейкпен шектелді.
Бәсеке 58 минутқа созылды.
Қазақстандық-ресейлік жұп ширек финалға шығу үшін Франция ашық чемпионатының 3-ракеткалары, америкалық Николь Меличар – нидерландылық Деми Схюрспен таласады. Бұл жұп осының алдында тағы бір қазақстандық Юлия Путинцева мен румыниялық Андреа Митуді жеңіп кеткен еді. Ал Зарина Дияс пен ресейлік Варвара Грачева Польша өкілі Магда Линетт – америкалық Бернарда Пераға есе жіберіп, үшінші айналымға шыға алмады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның жекелей сында Ролан Гаррос турнирінің төртінші айналымына шыққанын, Алматыда өтетін турнирде қазақстандықтардың қарсыластары анықталғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).