НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық, әлемнің 221-ракеткасы ТимофейСкатов Италиядағы Розето-дельи-Абруци 2 челленджер турнирінің жартылай финалына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ширек финалда 21 жастағы қазақстандық теннисші рейтингте өзінен екі саты жоғары тұрған хорватиялық Нино Сердарушичпен кездесті.
Т.Скатов бірінші партияда 6:4 есебімен басымдылық танытса, екінші сет тағдыры тай-брейкте шешілді. Онда қазақстандық спортшы жеңісті жұлып алды – 7:6 (7:5).
Екі сағаттан астам уақытқа созылған тартысты бәсекеде Тимофей эйс жасамағанымен, 16 брейк-пойнттың үшеуін пайдалана алды. Қарсыласы 6 эйс, 2 брейкпен (3 брейк-пойнт) көзге түсті.
Қазақстандық теннисші финалға шығу үшін дүниежүзілік рейтингте 159-орында тұрған тайбэйлік Цзэн Цзэнмен таласады. Ол жартылай финалда әлемнің 105-ракеткасы, испаниялық Карлос Табернерді 6:4, 6:4 есебімен ұтты.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның Индиан-Уэллс мастерс турнирінің жартылай финалына шыға алмағанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).