НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық, әлемнің 193-ракеткасы Тимофей Скатов Португалиядағы Оэйраш челленджер турнирін жеңіспен бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстандық теннисші алғашқы айналымда дүниежүзілік рейтингте 493-орында тұрған португалиялық Тьяго Какаомен кортқа шықты.
Т.Скатов сағат жарымнан астам уақытқа созылған матчта 6:2, 6:1 есебімен жеңіске жетті. Ол 8 брейк-пойнттың алтауын пайдалана білді. Қарсыласы 1 брейктен (11 брейк-пойнт) аса алмады.
Тимофей Скатов екінші айналымда әлемнің 116-ракеткасы, бразилиялық Тьяго Монтейро немесе рейтингте 185-сатыдағы италиялық Джанмарко Моронидың біреуімен кездеседі.
Тағы бір қазақстандық Денис Евсеев Лугано (Швейцария) челленджер турнирі іріктеу сайыстарының финалында босниялық Алдан Сеткичке 3:6, 2:6 есебімен есе жіберіп, негізгі жарысқа қосыла алмады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның да Майами турнирінің төртінші айналымына шыға алмағанын, Үндістанда жасөспірімдер арасында әлем чемпионатының іріктеу кезеңі өтетінін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).