НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстандық Галина Воскобоева румыниялық Сорана Кырстямен бірге жұптық сында Уимблдон турнирін сәтті бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстандық-румыниялық жұп бастапқы кездесуін ұлыбританиялықтар Сара Бет Грей мен Эден Сильвамен өткізді.
Воскобоева мен Кырстя бірінші партияда қарсыластарына бірде-бір гейм берген жоқ - 6:0. Екінші сетте де басымдылықтарын айқын байқатты - 6:3.
Бәсеке бір сағатқа жуық уақытқа созылды.
Воскобоева мен Кырстя екінші айналымда франциялық Ализе Корне мен хорватиялық Петра Мартич және ресейлік Вероника Кудерметова мен латвиялық Елена Остапенко жұптарының қай жеңгенімен шеберлік байқасады.
Ерлер арасындағы жұптық сында Михаил Кукушкин мен Александр Бублик үндістандық Леандер Паес пен франциялық Бенуа Пэрмен кортқа шығады.
Жекелей сында бүгін Қазақстанның бірінші, әлемнің 39-ракеткасы Юлия Путинцева рейтингте 81-орындағы швейцариялық Виктория Голубичпен күш сынасады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын М.Кукушкиннің Уимблдон турнирінің екінші айналымына шыққанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).