Теннис: Ярослава Шведова Мельбурн турнирінде жеңіліп қалды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық Ярослава Шведова Мельбурндағы Yarra Valley Classic турнирінде жеңіліп қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстандық теннисшінің бірінші айналымдағы қарсыласы өзгеріп, жарақатына байланысты жарыстан бас тартқан бельгиялық Кирстен Флипкенстің орнына Беларусь өкілі Вера Лапко шықты.

Сәбилі болуына және жарақатына байланысты бір жарым жылдық үзілістен кейін өткен жылы кортқа оралған Қазақстан әйелдер құрамасының капитаны Я.Шведова В.Лапкодан 11 жасқа үлкен еді.

Бірінші партияда қазақстандық теннисші басымдылық көрсетті – 6:4. Екіншісінде В.Лапко екі мәрте брейк жасап, есе қайырды – 6:2.

Үшінші, шешуші партияда В.Лапко 3:1 есебімен алға шықты. Есеп 5:2 болып, беларусь теннисшісі матчқа доп бергенде, Я.Шведова брейк жасай алды. Дегенмен екінші рет матчқа доп берген В.Лапко мүмкіндігін мүлт жіберген жоқ – 6:4.

Тартысты өткен матч 2 сағат 15 минутқа созылды.

В.Лапко екінші айналымда әлемнің 18-інші, осы жарыстың 7-ракеткасы, хорватиялық Петра Мартичпен кездеседі.

Я.Шведова 8 ақпанда басталатын Аустралия ашық чемпионатында бақ сынайды.

Тағы бір қазақстандық, дүниежүзілік рейтингте 81-орында тұрған Зарина Дияс бүгін Мельбурнда басталған Gippsland Trophy WTA 500 турнирінде бақ сынайды. Ол ертең әлемнің 51-ракеткасы, германиялық Лаура Зигемундпен кортқа шығады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Александр Недовесовтің Анталия турнирінің финалына шыққанын, Я.Шведованың қарсыласы өзгергенін, қазақстандық теннисшілердің Мельбурн турниріндегі қарсыластары анықталғанын жазған болатынбыз.