НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық, әлемнің 89-ракеткасы Зарина Дияс Мадрид WTA 1000 турнирінің негізгі жарысына өте алмады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
З.Дияс іріктеу сайыстарының финалында дүниежүзілік рейтингте 137-орында тұрған украиналық Катерина Козловамен шеберлік байқасты.
Бірінші партияны украиналық теннисші өз есебіне жаза білді – 6:4.
Екінші сетте есеп 2:2 болған мезетте К.Козлова брейк жасап кетті. Ол матчқа доп бергенде, Зарина қос бірдей брейк-пойнтын пайдалана алмады. Екінші партияда да есеп 6:4-пен бітті.
Бәсеке 1 сағат 28 минутқа созылды.
Осылайша К.Козлова 29 сәуірде басталатын Мадридтің негізгі турниріне жолдама алды. Онда Қазақстаннан Елена Рыбакина, Юлия Путинцева және Ярослава Шведова өнер көрсетеді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Зарина Диястың Мадрид турнирінің іріктеу сайысын сәтті бастағанын, қазақстандық теннисшілердің қарсыластары белгілі болғанын жазған едік.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).