НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық Заңғар Нұрланұлы жекелей сында Норвегия астанасы Ослода 14 жасқа дейінгілер арасында үшінші санаттағы Tennis Europe турнирінің жеңімпазы атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстан теннис федерациясы мәлім еткеніндей, Заңғар жұптық сында да табысты өнер көрсетіп, финалға дейін жетті.
З.Нұрланұлы жекелей сында 2 сағат 40 минутта созылған соңғы бәсекеде франциялық Лене Кутюрьені 4:6, 6:0, 6:3 есебімен тізе бүктірді. Заңғар оны бір апта бұрын осы Норвегия елінің Берген қаласында ұтқан болатын.
Қазақстандық теннисші жартылай финалда жарыстың 1-ракеткасы, Францияның 14 жасқа дейінгілер арасындағы үздік ойыншысы Лене Петитаны 7:5, 7:6 есебімен жеңді. Бұл ойын да тартысты өтіп, 2 сағат 18 минутқа созылды.
Осылайша Заңғар Нұрланұлы биыл Tennis Europe сериясындағы үш жарыстың чемпионы атанып, тағы екеуінде финалға дейін жетті.
Жыл соңына дейін қазақстандық жас спортшы Ыстанбұлда өтетін додаға қатысып, бір апта демалыстан кейін жаңа маусымға дайындығын бастайды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын алдағы жылы Алматы мен Түркістанда жаңа теннис орталықтары ашылатынын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).