НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық Заңғар Нұрланұлы 14 жасқа дейінгі теннисшілер арасында Словакиядағы Tennis Europe сериясы бойынша екінші санаттағы Baseline Open U14 2022 турнирінің абсолютті чемпионы атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Жекелей сында 13 жасар қазақстандық спортшы финалда үш сеттік тартысты матчта Словенияның осы жастағылар арасындағы бірінші ракеткасы Зиго Шешконы 3:6, 6:2, 7:6 (7:1) есебімен ұтты.
Матч екі сағат жарым уақытқа созылды.
Қазақстанның жас жұлдызы осылайша спорттық жолындағы бесінші, биылғы екінші титулына қол жеткізді.
Кеше Заңғар жұптық сында З.Шешкомен бірге финалда қытайлық Янхонг Ли – чехиялық Ян Растицаны 6:2, 7:5 есебімен жеңген еді.
«Жеңістен кейін босаңсуға уақыт жоқ, кішкене демалып, Португалияда өтетін супер жарысқа бармақшымын. Сосын ел құрамасы сапында Үндістанға аттанамын, онда жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатына іріктеу матчтары өтеді. Қазақстан намысын алғаш рет қорғау үлкен жауапкершілікті жүктейді, ол өмір бойы есімде қалатын болады», деді Заңғар Нұрланұлы.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Заңғар Нұрланұлының Словакиядағы турнирдің финалына шыққанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Елена Рыбакина Индиан-Уэллс турнирінің үшінші айналымына шықты.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).