АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық, әлемнің 106-ракеткасы Александр Шевченко топырақ төсенішінде өтіп жатқан Мадрид (Испания) челленджер турнирінің екінші айналымына шықты.
Жарыстың 4-ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші алғашқы айналымда дүниежүзілік рейтингіде 120-орында тұрған америкалық Тристан Бойердің меселін қайырды.
А.Шевченко 7:5, 6:3 есебімен екі сетте жеңіске жетті.
Бір сағат 43 минутқа созылған бәсеке барысында Шевченко 4 эйспен бірге 13 брейк-пойнттың бесеуін пайдаланды. Бойер 3 эйс, 2 брейктен (4 брейк-пойнт) аса алмады.
Александр Шевченко ширек финалға шығу үшін әлемнің 397-ракеткасы, словакиялық Норберт Гомбош немесе рейтингіде 433-сатыдағы испаниялық Мигель Дамастың қай жеңгенімен таласады.
Мадрид жарысы 13 сәуірде мәресіне жетеді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Дмитрий Попконың Қазақстанның үшінші ракеткасы атанғанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ қазақстандық жас теннисші Өзбекстандағы жарыстың чемпионы атанды.
Қазақстан әйелдер құрамасы Брисбенде жаттығып жатыр.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).