Теннисші Соня Жиенбаева жеңіс сериясын алты матчқа жеткізді

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық теннисші, әлемнің 738-ракеткасы, 20 жастағы Соня Жиенбаева Виго (Испания) ITF W35 жеңіспен бастады.

Фото: Андрей Ударцев

Қазақстандық теннисші алғашқы айналымда әлемнің 217-ракеткасы, 21 жастағы чехиялық Джули Струплованың мысын басты. 

Бір сағат 19 минутқа созылған кездесу 6:3, 6:4 есебімен С. Жиенбаеваның пайдасына шешілді.

Соня Жиенбаева ширек финалға шығу үшін әлемнің 529-ракеткасы, ресейлік Екатерина Яшинамен таласады. 

Өткен аптада С. Жиенбаева Оренсе (Испания) ITF W75 турнирінде жеңімпаз атанған еді. Сол жарысты қоса есептегенде, Соня жеңіс сериясын 6 матчқа жеткізіп отыр.

С.Жиенбаева ресейлік Е.Яшинамен бірге Виго додасын жұптық сында да сәтті бастап, ширек финалға шықты.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Торонто турнирінде Елена Рыбакинаның «Үлкен дулыға» турнирінің төрт дүркін чемпионын жеңгенін жазған едік.