Теннисші Жібек Құламбаева Колумбиядағы турнирдің жартылай финалына шықты

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық теннисші Жібек Құламбаева Колумбияның Сопо қаласында өтіп жатқан WTA 125 санатындағы турнирдің жартылай финалына жолдама алды, деп хабарлайды ҰОК баспасөз қызметі.

Фото: ҰОК

Отандасымыз жұптық сында словениялық Вероника Эрьявецпен бірге өнер көрсетіп жатыр.

Ширек финалда қазақстандық-словениялық жұп аустралиялық Теника Макгиффин мен Александра Осборнға қарсы кортқа шықты.

Кездесу екі сетке созылып, Жібек Құламбаева мен Вероника Эрьявец 6:2, 6:2 есебімен жеңіске жетті.

Енді финал жолдамасы үшін олар америкалық Рашида Макаду мен Анна Роджерспен кездеседі.

Осыған дейін Қазақстанның екінші, әлемнің 107-ракеткасы Александр Шевченко Стокгольм (Швеция) ATP 250 турнирінің жартылай финалынан тыс қалды.