НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстандық Аружан Сағындықова алғаш рет АҚШ ашық чемпионатының жасөспірімдер турниріне өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Халықаралық теннис федерациясының (ITF) жасөспірімдер рейтингісінде 58-орында тұрған Аружан Сағындықова іріктеу сайыстарының финалында америкалық Джульетта Парехамен (2062-ракетка) кездесті.
Аружан қарсыласын 6:2, 6:3 есебімен тізе бүктірді.
Тағы бір қазақстандық Сандуғаш Кенжебаева (65-ракетка) шешуші бәсекеде Польша өкілі Вероника Эвальдқа (77-ракетка) супер тай-брейкте ғана есе жіберді - 6:4, 0:6, 7:10. Сөйтіп ол негізгі додаға өте алмады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын АҚШ ашық чемпионатында Анна Данилинаның үшінші айналымға шыққанын, Алматы турнирінің финалына шыққан теннисшілер анықталғанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ теннисші Жібек Құламбаева Алматы турнирінің жеңімпазы атанды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).