Теннисші Бейбіт Жукаев Ыстанбұл турнирінің ширек финалына шықты
16:10, 14 Қыркүйек 2022
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстандық Бейбіт Жукаев Ыстанбұл челленджер турнирінің ширек финалына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Дүниежүзілік рейтингте 357-орында тұрған қазақстандық теннисші екінші айналымда әлемнің 234-інші, осы жарыстың 8-ракеткасы, испаниялық Николас Альварес Варонамен шеберлік байқасты.
Б.Жукаев 6:4, 6:1 есебімен жеңіске жетті.
Бір сағаттан астам уақытқа созылған матчта Ақтау теннис мектебінің түлегі 4 эйс жасап, 4 брейк-пойнттың үшеуін пайдалана білді. Қарсыласы 4 эйспен ғана көзге түсті.
Б.Жукаев жартылай финалға шығу үшін әлемнің 108-інші, доданың 2-ракеткасы, молдовалық Раду Алботпен таласады. Ол рейтингіде 314-сатыдағы германиялық Генри Сквайрды ұтты - 6:4, 6:3.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын теннистен Дэвис кубогында Қазақстанның Нидерланд құрамасынан жеңіліп қалғанын жазған болатынбыз.
Фото: ktf.kz