НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елордада ерлер мен әйелдер арасында Президент кубогының финалына шыққан теннисшілер анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстан теннис федерациясынан мәлім еткеніндей, Денис Евсеев өз спорттық жолында алғаш рет челленджер турнирінің финалына жолдама алды.
Д.Евсеев жартылай финалда отандасы Бейбіт Жукаевты 6:4, 6:4 есебімен ұтты. Әр партияда Денис бір-бірден брейк жасады.
Д.Евсеев жексенбі күні финалда жарыстың бірінші ракеткасы, ресейлік Роман Сафиуллинмен бас жүлдені сарапқа салады.
Р.Сафиуллин жартылай финалда тағы бір қазақстандық Дмитрий Попкодан айласын асырды - 6:3, 6:2.
Президент кубогы аясында әйелдер арасында ITF M60 додасында соңғы бәсекеде жапониялық Моюка Учиджима мен сербиялық Наталья Стефанович кездеседі.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын алғаш рет үш қазақстандық теннисшінің Президент кубогының жартылай финалына шыққанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).