НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық Денис Евсеев Лугано (Швейцария) челленджер турнирінің іріктеу сайысын сәтті бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстан теннис федерациясы мәлім еткендей, дүниежүзілік рейтингте 338-орында тұрған Д.Евсеев өзінің спорттық жолындағы маңызды жеңісіне қол жеткізді.
Ол әлемнің бұрынғы 14-ракеткасы, 2013 жылғы Уимблдон турнирінің жартылай финалисі, Польша өкілі Ежи Яновичті 4:6, 6:3, 7:6 (7:4) есебімен тізе бүктірді.
Д.Евсеев 2 сағат 40 минутқа созылған тартысты бәсеке барысында 7 эйс жасап, 15 брейк-пойнттың төртеуін өз есебіне жазды.
Қарсыласы 13 эйс, 3 брейкпен (8 брейк-пойнт) көзге түсті.
Қазақстандық теннисші іріктеу сайыстарының финалында тағы бір тәжірибелі спортшы, босниялық Алдан Сеткичті жеңсе, негізгі турнирге жолдама алады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Михаил Кукушкиннің Майами турнирінде үшінші айналымға шыға алмағанын жазған болатынбыз .
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).