НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстандық Елена Рыбакина Бастад (Швеция) челленджер турнирін жеңіспен бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Осы жарыстың жетінші, әлемнің 109-ракеткасы, 20 жасар Е.Рыбакина алғашқы айналымда дүниежүзілік рейтингте 368-орында тұрған даниялық Клара Таусонмен кездесті. Бірінші партияда есеп 4:4 болған мезетте қазақстандық теннисші брейк жасай алды. Содан кейін сетке доп бергенде, есесін жіберген жоқ - 6:4. Екінші сетте қатарынан қос брейк жасаған Рыбакина 4:0 есебімен алға шықты. Бірақ Таусон да қалыспай, таразы басын теңестіріп қана қоймай, басып озды - 5:4. Мәселе ақыры тай-брейкте қазақстандық теннисшінің пайдасына шешілді - 7:6 (7:5).
Бәсеке 1 сағат 28 минутқа созылды.
Е.Рыбакина ширек финалға шығу үшін рейтингте 117-орындағы жапониялық Мисаки Доимен таласады. Топырақ төсенішінде өтіп жатқан жарыс 14 шілде күні мәреге жетеді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын М.Кукушкин Уимблдон турнирінің ширек финалына шыға алмаған болатын.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).