Кукушкин Уимблдон турнирінің ширек финалына шыға алмады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстандық Михаил Кукушкин Уимблдон турнирінің төртінші айналымында жапониялық Кэй Нисикоримен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

М.Кукушкин дүниежүзілік рейтингте 58-орында болса, қарсыласы әлемнің 7-ракеткасы еді. Бұған дейін қос теннисшінің өзара кездесулерінде жапониялық спортшы жеңістік бермей келе жатқан-ды. Бірінші партияда К.Нисикори брейкпен алға шықты - 3:1. Сол басымдылығын сақтап тұра алды - 6:3. Екінші сетте есесіне брейк жасаған М.Кукушкин есеп 5:3 болған мезетте өз мүмкіндігін пайдалана білді - 6:3. Үшінші партияда есеп 4:3 болғанда, жапониялық спортшы брейк жасап кетті - 6:3.

Төртінші сетті Нисикори брейкпен бастағанымен, Кукушкин де қарап қалмады - 1:1. Бұдан кейін қарсыластар тағы брейкпен алмасты - 2:2. Тағы бір брейкке қол жеткізіп, өз геймін бермеген жапониялық теннисші алға шықты - 4:2. Ақыры ол матчты жеңіспен аяқтай білді - 6:4.

Тартысты бәсеке 2 сағат 46 минутқа созылды.

К.Нисикори әлемнің 3-ракеткасы, швейцариялық Роджер Федерермен жартылай финал жолдамасын сарапқа салады.

М.Кукушкиннің алғаш рет Уимблдон турнирінің төртінші айналымына дейін жетіп, үздік 16 теннисшінің қатарынан көрінуінің өзі үлкен табыс деп бағалауға болады. Соған байланысты келесі дүйсенбіде жаңартылатын рейтингтегі орны да жоғарылайтын болады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын М.Кукушкин Уимблдон турнирінің төртінші айналымына шыққан болатын.

Соңғы жаңалықтар