НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанның бірінші, әлемнің 18-ракеткасы Елена Рыбакина Мадрид WTA 1000 турнирінің ширек финалына шыға алмады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Осы ірі жарыстың 16-ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші үшінші айналымда дүниежүзілік рейтингте 35-орында тұрған швейцариялық Хиль Белен Тайхманмен күш сынасты.
Қарсыластар бұған дейін бір-бірімен кортта кездеспеген болатын.
Швейцариялық теннисші бірінші партияда 6:3 есебімен басым түсті.
Тайхманн екінші сетте қарқынын еселей түсті – 6:1.
Бір сағат 16 минутқа созылған матч барысында Е.Рыбакина 6 эйс жасағанымен, 6 брейк-пойнттың біреуін де пайдалана алмады. Қарсыласы 4 эйспен бірге 4 брейкпен (7 брейк-пойнт) көзге түсті.
Швейцариялық спортшы жартылай финалға шығу үшін әлемнің 11-ракеткасы, ұлыбританиялық Эмма Радукану немесе рейтингте 37-сатыдағы украиналық Ангелина Калининаның біреуімен таласады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның Мадрид турнирінің үшінші айналымына шыққанын, Александр Бубликтің Мадридте ұтылып қалғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).