НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық Елена Рыбакина Ухань турнирінің ширек финалына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Дүниежүзілік рейтингте 50-орында тұрған Е.Рыбакина үшінші айналымда осы турнирдің төртінші, әлемнің бұрынғы бірінші, қазіргі 6-ракеткасы, румыниялық Симона Халеппен кездесті.
Есеп бірінші партияда қазақстандық теннисшінің пайдасында 5:4 болғаннан кейін С.Халеп матчты жалғастырудан бас тартты.
Бәсеке 45 минутқа созылды.
Е.Рыбакина Ухань турнирінің (жүлде қоры – 2,828 млн АҚШ доллары) жартылай финалына шығу үшін осы жарыстың өткен жылғы жеңімпазы, рейтингте 14-орында тұрған Беларусь елінің өкілі Арина Соболенко немесе әлемнің 8-ракеткасы, голландиялық Кики Бертенстің біреуімен таласады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Е.Рыбакина Ухань турнирінің үшінші айналымына шыққан болатын.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).