АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстанның екінші, әлемнің 146-ракеткасы Тимофей Скатов Перудің Лима қаласында өтіп жатқан челленджер турнирін сәтті бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Жарыстың 8-ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші бастапқы кездесуін рейтингіде 639-орында тұрған перулік Гонзало Буэномен өткізді.
Т.Скатов қарсыласын 6:4, 6:1 есебімен ұтты.
Бір сағат 20 минутқа созылған бәсеке барысында Тимофей 6 брейк-пойнттың бесеуін мүлт жіберген жоқ.
Тимофей Скатов жүлде қоры 50 мың АҚШ долларынан асатын доданың ширек финалына шығу үшін әлемнің 162-ракеткасы, аргентиналық Сантьяго Родригес Тавернамен таласады.
Еске салайық, бұдан бұрын Қазақстанның үздік теннисшісі Швейцария турнирін сәтті бастағанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ қазақстандық теннисші Франциядағы турнирдің екінші айналымына шықты.
Фото: sports.kz
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).