АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Астана қаласында Дэвис кубогы бірінші әлемдік тобында 1-2 ақпан күндері өтетін Қазақстан – Пәкстан плей-офф матчының жеребесі тартылды.
Сенбі күні ойын шымылдығын Александр Шевченко ашады. Ол пәкстандық Музамиль Муртазаны сынап көреді.
Одан кейін Beeline Arena орталық кортында Бейбіт Жұқаев пен Хузайфа Абдул Рехманға кезек келеді.
Жексенбі күні Александр Шевченко – Тимофей Скатов жұптық сында Акел Хан – Музамиль Муртазамен шеберлік байқасады.
Сондай-ақ жекелей сында Александр Шевченко – Хузайфа Абдул Рехман, Бейбіт Жұқаев – Музамиль Муртаза кездесулері жоспарланған.
Құрама капитандары бәсекеге бір сағат қалғанға дейін ойыншыларды алмастыра алады.
Матчта үш ұтысқа қол жеткізген команда жеңімпаз атанады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Пәкстанмен өтетін кездесуде ел намысын қорғайтын теннисшілер белгілі болғанын жазған едік.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).