Теннистен Қазақстан құрамасы әлемдік рейтингіде 7-орынға көтерілді
АСТАНА. KAZINFORM — Теннистен әйелдер ұлттық құрамаларының жаңартылған рейтингісі жарияланды.
Фото: ҚТФ
Астана қаласында Билли Джин Кинг кубогының іріктеу матчында Канада құрамасын жеңген Қазақстан командасы 9-дан 7-орынға көтерілді.
Қазақстан құрамасының 2023 жылғы әлем чемпиондарын 3:1 есебімен жолдан тайдырып, қыркүйек айында Қытайдың Шэньчжэнь қаласында өтетін финалдық кезеңге жолдама алғаны белгілі.
Әлемдік рейтингіде бұрынғыша Италия көш бастаса, Ұлыбритания екінші, Украина 8-ден бірден 3-сатыға көтерілді. Одан кейінгі орындарда Испания, Чехия тұр.
Фото: instagram.com/billiejeankingcup
АҚШ рейтингіде 2-ден 6-ға, Канада 4-тен 8-ге дейін құлдырады. Польша мен Жапония 9-10-сатыда.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Билли Джин Кинг кубогында Қазақстан құрамасының финалдық кезеңге жолдама алғанын жазған болатынбыз.
Финалдық кезеңде Италия, Ұлыбритания, Испания, Чехия, Украина, Қазақстан, Бельгия және Қытай құрамалары бақ сынайды.
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).