Қазақстан теннис федерациясынан мәлім еткеніндей, бүгін жартылай финалдық матчтар мәресіне жетті.
Бірінші болып кортқа қарағандылық Арысланбек Айтқұлов пен алматылық Никита Сидоров шықты. Қарағанды теннис мектебінің түлегі қарқынын бәсеңдетпестен 6:2, 6:0 есебімен жеңіске жетті. Сөйтіп ол өз спорттық жолында алғаш рет ересектер арасында ел біріншілігінің финалында ойнайды. Оның қарсыласы – Тимур Мәуленов. Т.Мәуленов тәжірибелі Тимур Хабибуллинді жолдан тайдырды – 2:6, 7:6 (7:1), 7:6 (7:3).
Әйелдер арасында елордалықтар, 14 жасар Ариана Гогулина мен одан бір жасқа үлкен Альбина Кәкенова алтын жүлдені сарапқа салады. Ариана жартылай финалда Әдемі Аманкелдіден айласын асырды – 6:4, 4:6, 6:0. Ал Альбина Айя Мырзақұлованы ұтты – 7:6 (7:3), 6:4.
Осылайша, 25 ақпан, сенбі күні Қазақстан қысқы біріншілігінде жаңа чемпиондардың есімі белгілі болады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Александр Бубликтің Марсель турнирінің ширек финалына шыққанын жазған болатынбыз.
А.Бублик бүгін кешке әлемнің 25-ракеткасы, болгариялық Григор Димитровпен жартылай финал жолдамасын сарапқа салады.