Теннистен Майами турнирі: Юлия Путинцева әлемнің алтыншы ракеткасына жол берді

None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық, әлемнің 47-ракеткасы Юлия Путинцева Майами WTA 1000 турнирінің төртінші айналымына шыға алмады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ю.Путинцева үшінші айналымда әлемнің 6-ракеткасы, испаниялық Паула Бадосамен шеберлік байқасты.

Бірінші партияда испаниялық теннисші қос брейкке қол жеткізді – 6:3.

Екінші сетті қазақстандық спортшы брейкпен бастағанымен, Бадоса сол бойда таразы басын теңестірді – 1:1. Үшінші геймде Путинцева үш бірдей брейк-пойнтты пайдалана алмаса, қарсыласы мұндай мүмкіндікті мүлт жіберген жоқ – 3:1. Ақыры Бадоса тағы бір брейкпен матчты тәмамдады – 6:2.

П.Бадоса жүлде қоры 8,3 млн АҚШ долларынан асатын доданың ширек финалына шығу үшін әлемнің 16-ракеткасы, Беларусь өкілі Виктория Азаренко немесе рейтингте 279-орында тұрған 16 жастағы чехиялық Линда Фрухвиртованың біреуімен таласады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның Майами турнирінің үшінші айналымына шыққанын жазған болатынбыз.

Денис Евсеев Швейцариядағы турнирді сәтті бастады.