НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық Александр Недовесов пен украиналық Денис Молчанов жұптық сында елордада өтіп жатқан Forte Challenger 100 турнирінің финалына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Осы жарыстың 1-ракеткалары болып тіркелген қазақстандық-украиналық жұп жартылай финалда германиялық Юлиан Ленц – эквадорлық Роберто Кироспен күш сынасты.
Бірінші сетте германиялық-эквадорлық жұп сәтті ойнады – 6:4.
Екіншісінде А.Недовесов пен Д.Молчанов бірден алға кетіп, есе қайырды – 6:3.
Тай-брейкте Недовесов пен Молчанов өз мүмкіндігін жіберген жоқ – 10:4.
Тағы бір қазақстандық Денис Евсеев өзбекстандық Денис Истоминмен бірге жартылай финалда америкалықтар Натан Паша – Макс Шнурмен кездесті.
Бірінші партияда қазақстандық-өзбекстандық жұп 6:4 есебімен басым түсті. Алайда сол қарқынын жалғастыра алмай, екінші сетте 1:6 есебімен есе жіберді.
Америкалық жұп тартысты тай-брейкте жеңісті жұлып алды – 11:9.
Осылайша финалда А.Недовесов – Д.Молчанов америкалықтар Н.Паша – М.Шнурмен бас жүлдені сарапқа салады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын А.Бубликтің Сингапур турнирін жеңіспен бастағанын, Денис Евсеевтің елордада жұптық сында жартылай финалға шыққанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).