Теннистен Нұр-Сұлтан турнирі: Денис Евсеев жұптық сында жартылай финалға шықты
Қазақстандық-өзбекстандық жұп ширек финалда канадалықтар Петер Полански – Брейден Шнурмен күш сынасты.
Қос Денис бірінші партияда қарсыластарын бет қаратпады – 6:0.
Екінші сетте де олар 3:1 есебімен алға кетті. Ақыры 47 минутқа созылған матчты жеңіспен түйіндеді – 6:3.
Д.Истомин мен Д.Евсеев бәсеке барысында үш брейкке қол жеткізді. Енді олар жартылай финалда америкалықтар Натан Паша – Макс Шнурмен шеберлік байқасады.
Америкалық жұп ширек финалда тағы бір қазақстандық Дмитрий Попко мен грузиялық Александр Метревелиді тартысты ойында 7:5, 7:6 (7:5) есебімен жеңіп кетті.
Бұдан бұрын осы жарыстың 1-ракеткалары болып тіркелген қазақстандық Александр Недовесов пен украиналық Денис Молчанов қарсыластарының бірі жарақат алуына байланысты жартылай финалға өткен болатын. А.Недовесов пен Д.Молчанов финалға шығу үшін германиялық Юлиан Ленц – эквадорлық Роберто Кироспен таласады. Бұл жұп ширек финалда франциялық Уго Гренье – Александр Мюллерді тізе бүктірді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Д.Попко мен А.Недовесовтің жұптық сындағы кездесулерін сәтті өткізгенін, ал А.Бубликтің Сингапур турнирін жеңіспен бастағанын жазған болатынбыз.