АСТАНА. ҚазАқпарат - Командалық әлем чемпионатының іріктеу кезеңінде Польшамен өтетін матчқа қатысатын Қазақстан құрамасы анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстан теннис федерациясына мәлім еткеніндей, Ярослава Шведова бастаған бапкерлер штабы әлемнің 10-ракеткасы Елена Рыбакина бастаған ойыншыларды таңдап алды.
Қазақстан намысын сондай-ақ әлемнің 42-ракеткасы Юлия Путинцева, жұптық сында рейтингте 25-орында тұрған Анна Данилина, Гөзал Айнитдинова (жекелей сын, WTA, 333-ракетка), Жанель Рүстемова (жұптық сын, WTA, 973) қорғайды. Қосымша ойыншы - Аружан Сағындықова (жекелей сын, WTA, 968).
Бәсекелер 14-15 сәуірде Астанада Ұлттық теннис орталығында арнайы жасалған топырақ төсенішінде өтеді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның Индиан-Уэллс мастерс турнирінің ширек финалына шыққанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Александр Бублик АҚШ-тағы жарысты жеңіспен бастады.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).