Теңіз тартылып кеткен: Ақтау портында кемелер мен танкерлердің түбі тиіп қалып жатыр
АҚТАУ. KAZINFORM — Каспий теңізінің тартылуы — Ақтау халықаралық теңіз сауда портының жұмысына кері әсерін тигізе бастаған. Қазірдің өзінде жүк кемелері мен мұнай танкерлеріне тауар 10 пайызға дейін аз жүктеліп жатыр. Өйткені, түбі тиіп қалады.
Ақтау халақыаралық теңіз сауда портының бөлім бастығы Ерболат Тілепиевтің айтуынша, құрғақ жүк кемесінің жүк көтергіші 6500 тонна болса, қазір 5500 тоннаға дейін жүк тиеліп жатыр. Танкерлерде де солай. Бұлай жалғаса берсе, жүктің жартысын ғана жүктеуге тура келеді.
— Танкерлердің жүк көтергіші әртүрлі. Мысалы 6800 тонна болса, 6500 тоннаға дейін тиеліп жатыр. Ал, 12 мың тонналықтарға 9-10 мың тонна жүктеліп жатыр. Егер толық көлемде тиесе, асты тиіп қалады. Осы жылдың соңына дейін тереңдету жұмыстарын жүргізбесек, егер теңіздің деңгейі одан әрі түсе берсе, кемемен тасымалдау тиімсіз болып қалады, — дейді Ерболат Тілепиев.
Айта кетейік, Ақтау порты арқылы Әзербайжан, Ресей, Иран мен Түрікменстан елдеріне мұнай, астық, метал, басқа да жүктер мен контейнерлік жүктер тасымалданады. Биыл жүк тасымалы өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 20 пайызға өскен. Контейнерлік жүктер — былтыр бірінші тоқсанда 7 мыңнан астам контейнер тасымалданса, биыл 17 мыңнан көп контейнер жөнелтіліп, көрсеткіш — 134 пайызды құраған.
Қазақстан Республикасының Көлік министрі Марат Қарабаевтың айтуынша, порттардың әлеуетін арттыру басты назарда. Сондықтан мәселені шешу үшін, порт акваториясында тереңдету жұмыстары жүргізіледі. Былтыр Құрық портында теңіз түбі тереңдетілген. Ақтау портында да теңіз түбін 1,5 метрге дейін қазып, тереңдігін 7,5 метрден асыру көзделген. Ал, алынған құм жағада жаңа жер жасауға қолданылады.
— Тереңдету жұмыстары мамыр айында басталады деп жоспарлап отырмыз. Оның қаражатының бір бөлігі ҚТЖ-ның есебінен, бір бөлігі Үкімет тарапынан қосымша беріліп отыр. Жылдың соңына дейін жұмыстың бір бөлігін бітіреміз. Екінші кезеңін келесі жылы жасайтын боламыз. Бұл жұмыстар кемелерге толық көлемде жүк жүктеуге мүмкіндік береді. Ал, қазылған жерден алынған құмды жағадағы суы тайыз жерге төгіп, биіктігі 2 метрлік жер жасалады. Соның арқасында 171 гектар жаңа жер телімі пайда болады. Онда терминал салу жоспарда, — дейді көлік министрі.
Бұған дейін, Маңғыстауда 460 оқушы уланған мектеп асханасының меңгерушісі 1 жылға бас бостадығынан айрылғаны туралы жазған болатынбыз
Аягөз Ізбасарова