Теңіз вахта қалашығына 2,5 мыңға жуық құлсарылық эвакуацияланып жатыр
АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысындағы Құлсары қаласынан тұрғындарды Теңіз кен орнындағы вахта кентіне эвакуациялап жатыр. Вахта қалашығында 2,5 мыңға жуық төсек-орын дайындалған.
Атырау облыстық жедел штабының мәліметінше, Құлсары қаласының тұрғындары Теңіз вахта кентіне ішінара эвакуацияланады.
Тасқын суға байланысты осындай шешім қабылдады.
«Жылыой ауданында су тасқынының қаупіне төнім, төтенше жағдай жарияланды. Кеше дабыл жүйесі қосылды. Осыған орай Теңіз вахта кентінде 2,5 мыңға жуық төсек-орын дайындалды. Тұрғындар 35 автобуспен қауіпсіз жерге көшіріліп жатыр», -деп хабарлады облыстық жедел штабтан.
Бүгін, 6 сәуір сағат 00.30-дағы жағдай бойынша Құлсары қаласында шамамен 2480 тұрғын үй мен әкімшілік ғимаратты су басқан.
Оның 630-ы – тұрғын үй. Алайда, салынып тұрған 100 үйге тұрғындар қоныстанбаған.
«Аудандағы 14 қабылдау пунктіне 9484 адам эвакуацияланады. Мектептерге көшірілетін тұрғындардың арасында 4644 бала бар. Майкөмген ауыл округінің мәдениет үйі мен мектептеріне 415 адам эвакуацияланды»,-деп мәлім етті жедел штабтан.
Қазір Жылыой ауданында тасқын судан қорғау бөгет салу, бекіту жұмыстары жалғасып жатыр.
Еске сала кетелік, бұған дейін тасқын су Атырау облысындағы Құлсары қаласына кіре бастағанын жазған едік.
Құлсары қаласында 2 500 үйді тасқын су басып, 4000 адам, оның ішінде 1 мыңнан астам бала көшірілді.
Құлсарыда әкімдік, әлеуметтік нысандар мен орталық стадион су астында қалды.
Сондай-ақ, Құлсарыда өмірге келген егіз ұл және ауруханада жатқан 77 науқас Маңғыстау облысы Бейнеу ауданының ауруханасына эвакуацияланып жатыр.