Теңізде мұнай өндіру бір аптада толық жанданады - Ақкенженов

Фото: Энергетика министрлігі

АСТАНА. KAZINFORM – Теңіз кен орнында жанып кеткен трансформаторлар жөнделіп, мұнай өндіру бір апта ішінде қалпына келтіріледі. Бұл туралы Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов айтты.

- Екі күн бұрын Теңізді – Королев кен орнын іске қостық. Қазіргі уақытта мұнай өндіру көлемі артып келеді. Сіздер мұның өте күрделі технологиялық процесс екенін түсінулеріңіз қажет. Кен орнында қуаты әртүрлі жалпы 30 трансформатор орнатылған. Дегенмен, негізінен олар 110 киловольттық,- деді министр Мәжілістің жалпы отырысы аясында БАҚ өкілдерінің сауалына орай.

Оның айтуынша, оның үшеуі жанып кеткен.

- Аталған трансформаторларда жұмыстың бір бөлігін қалпына келтірдік. Қазір кен орнын кезең-кезең іске қосу жүріп жатыр. Бірінші газ пайда болды. Бір апта ішінде кезең-кезеңмен Теңіз іске қосылады, - деді Ерлан Ақкенженов. 

Бұған дейін Энергетика министрлігі Атырау облысындағы кен орындарында өндірістік операцияларды қалпына келтіру бойынша айтарлықтай ілгерілеушілік туралы хабарлаған еді.