«Теңізшевройл» және мердігер компаниялар жылыойлық тұрғындардың өмір сүруіне қолайлы жағдай туғызу, оқушыларды қашықтан оқытуды жалғастыру үшін жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз етіп отыр.
Құлсары қаласының тұрғыны Назым Қалдыбекова балаларымен бірге «Теңізге» 6 сәуірде эвакуацияланған.
«Осында эвакуацияланған кезде балалардың сабағына алаңдаған едім. Қазір бұл мәселе реттелді. Енді балаларым таңғы астан кейін сабақ оқуға кіріседі. Интернеттің жылдамдығы жоғары. Балалар оқу бағдарламасын оңай меңгеру үшін кез келген сайтты пайдалана алады», - дейді Назым Қалдыбекова.
Көпбалалы ана Қырмызы Жұмағали кен орнындағы жатақханаға 7 сәуірде келген. Бес баласының үшеуі онлайн білім алып жатыр.
«Балаларымның онлайн дәріс алуына барлық жағдай жасалып отыр. Сабаққа қажетті кеңсе тауарларымен қамтамасыз етілді. Үстелдер балаларға ыңғайлы етіп жабдықталған. Бұл –балаларға қиын жағдайларға қарамастан оқуын жалғастыруына мүмкіндік беретін маңызды қадам», - дейді Қырмызы Жұмағали.
Ал, 6-сынып оқушысы Кәусар Қыдырғали Құлсары қаласындағы Ю.Гагарин атындағы орта мектепте оқыған. Қазір ол сыныптастарын сағынып жүр.
«Сабақты онлайн оқысақ та өзімді мектепте жүргендей сезінемін. Кен орны ұнады. Асханадағы тағамдар да дәмді екен. Достарымызбен кездесіп, серуендеуге уақыт тауып жүрміз», -дейді Кәусар Қыдырғали.
«Аspar Kashagan» ЖШС-нің жатақханаларында үлкендермен бірге 200-ден астам бала орналасқан. Олардың дені – мектеп жасындағы оқушылар.
«Біз оқушылардың кедергісіз білім алуы үшін қажетті жағдайды жасап, барлық қолдауды көрсетеміз. Ал, мектеп жасына жетпеген балалар үшін еріктілердің көмегімен компания аумағында ойын-сауық шараларын ұйымдастырамыз. Балалар қауіпсіздік пен жайлылықты сезініп, алаңсыз ойнайды. Серуендеуіне мүмкіндік бар», - дейді серіктестіктің өндірістік мәселелер жөніндегі менеджері Салтанат Сүлейменова.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын «Теңізде» тұрып жатқан Құлсары тұрғындары барлық жағдай жасалған, бірақ қол қусырып отыра алмайтынын айтқан еді.