ТШО биыл Қазақстанның ішкі нарығын 240 мың тонна сұйытылған газбен қамтиды

Фото: Фото: Энергетика министрлігі

АСТАНА. KAZINFORM – Энергетика министрлігі мен «Теңізшевройл» ЖШС (ТШО) ішкі нарыққа тұрақты түрде сұйытылған мұнай газын жеткізуді қамтамасыз ететін өзара түсіністік туралы жыл сайынғы меморандумды ұзарту туралы келісімге қол қойды. 

Құжат ведомство мен компания арасындағы сындарлы келіссөздердің нәтижесінде рәсімделді. Келісімге сәйкес, 2025 жылы ТШО Қазақстанның ішкі нарығына 240 000 тонна сұйытылған мұнай газын (СМГ) жеткізеді. 

– Ең алдымен, сұйытылған мұнай газы – бұл бүкіл әлемде тек автокөлік отыны ретінде ғана емес, сонымен қатар мұнай-газ химиясын дамыту үшін құнды көмірсутек шикізаты ретінде пайдаланылатын маңызды ресурс екенін атап өткім келеді. Бұл келісімнің жасалуы – республиканың сұйытылған мұнай газына деген ішкі қажеттілігін қамтамасыз етудегі маңызды қадам саналады. Қазақстан Республикасындағы сұйытылған мұнай газын өндірушілердің бірі ретінде серіктесіміз ТШО-дан жеткізілетін кепілдендірілген газ ішкі нарықтағы тапшылықты азайтуға және осы өнімді тұтынушылар үшін қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді, - деді Энергетика вице-министрі Әлібек Жамауов. 

Өз кезегінде ТШО бас директоры Кевин Лайон ТШО ішкі нарыққа тауарлық газдың негізгі жеткізушілерінің бірі болып қала беретінін және ел үшін осы стратегиялық маңызды саладағы әлеуетті мүмкіндіктерді зерттеу үшін Қазақстанмен ынтымақтастықты жалғастырып жатқанын атап өтті. Ол сондай-ақ компания Энергетика министрлігінің мақсаттарына қолдау көрсетуді жалғастыратынын және елдің өнеркәсіптік және экономикалық дамуына өз үлесін қосуға тырысатынын жеткізді. 

Айта кету керек, ТШО Қазақстан Республикасында мұнай-химия өнеркәсібінің дамуына да ықпал етіп келеді. Кейінгі бірнеше жыл ішінде ТШО KPI компаниясына пропан шикізатын, «Бутадиен» жобасы үшін бутан және «Полиэтилен» жобасы үшін этан жеткізу туралы құжаттарға келісіп, қол қойды. 

Бұған дейін Атырау облысына 7 мың тоннадан астам сұйытылған газ жеткізілгенін хабарлаған едік.