«Теңізшевройл» мен Karabatan-ға 10,7 млрд теңге айыппұл салынды

Атырау облысында екі ірі мұнай компаниясы экология заңнамасын бұзғаны үшін жалпы сомасы 10,7 млрд теңгеге жауапқа тартылды. Кazinform бұл туралы өңір прокуратурасына сілтеме жасап хабарлайды.

Фото: pixabay

«Атырау облысының прокуратурасы табиғатты пайдалану субъектілерінің экологиялық заңнама талаптарының сақталуына талдау жүргізді.

​Талдау шеңберінде парниктік газдар квотасынан асып кету, эмиссияны экологиялық рұқсатсыз жүзеге асыру, сондай-ақ рұқсат етілген шығарындылар нормаларынан асып кету және жердің ластану фактілері анықталды.

​Енгізілген прокурорлық қадағалау актілерінің нәтижеcімен «Karabatan Utility Solutions» ЖШС және «Теңізшевройл» ЖШС әкімшілік жауапкершілікке тартылды», - делінген Атырау облысының прокуратурасы ұсынған баспасөз баянында.

​Осылайша, аталған қос компанияны сот кінәлі деп танып, олардан айыппұл түрінде 10,7 млрд теңге өндіріліп алынды.

Еске салайық, «Сағыз» полигонында 13 108 тонна мұнай қалдықтарын экологиялық рұқсатсыз жинақтаған «Oxygenator» ЖШС-ға 37 млрд теңге айыппұл салынғаны туралы кеше ғана хабарлаған болатынбыз.