Жыл басынан бері елордада 5 жағдай тіркелген
Төтенше жағдайлар министрлігінің Kazinform агенттігінің ресми сауалына берген жауабында келтірілген дерекке сүйенсек, бір ғана Астана қаласында жыл басынан бері 5 бала терезеден құлап, 3-еуі мерт болған. Ал былтыр елордада осындай оқыс оқиғадан 14 бүлдіршін көз жұмған. Ал қауіп тобына негізінен 2 мен 5 жас аралығындағы балалар кіреді.
— Мұндай оқиғалардың негізгі себептері – ересектер тарапынан бақылаудың жеткіліксіздігі және терезелерде қорғаныш құрылғыларының болмауы. Балалардың терезеден құлауы бойынша деректер «112» Бірыңғай кезекші-диспетчерлік қызметінің пультіне түседі, - делінген хабарламада.
Астана қаласының тұрғыны Аслан Саматұлының сөзінше, өзі тұратын пәтерде терезеге қажетті торлар мүлде орнатылмаған. Күн жылына бастаған тұста ол бұл мәселені байқап, дереу мамандарды шақырған екен. Алайда көп адам күнделікті күйбің тірліктің қамымен жүріп қауіпсіздік шараларын ескере бермейді. Осыған байланысты ол ең алдымен жауапкершілік ата-аналардың мойнында екенін атап өтті.
— Мен бұл пәтерде тұрып жатқаныма бес айдан асты. Қыс пен көктем кезінде терезеде арнайы тор да, шектеуіш те жоқ екенін байқамаппын. Қарындастарым балконда еркін ойнап жүре беретін. Күн түсіп, үй ысыған кезде терезені ашсам, ішке шыбын-шіркей мен шаң кіретін болды. Сол сәтте терезеде тордың жоқтығы есіме түсті. Бірден қамданып, терезеге қажетті барлық қорғаныш құралдарын орнаттым. Мен сияқты алдын ала ескеретіндер бар, бірақ ескермесе, оның салдары ауыр болуы мүмкін. Сондықтан ата-аналар мен аға-әпкелерді әрқашан сақ болуға шақырамын, - дейді ол.
Терезе түрі емес, қорғаныс жүйесі маңызды – ТЖМ
Тұрғын үй құрылысы кезінде орнатылатын терезелер негізінен үш түрлі материалдан жасалады: пластик, ағаш және толық әйнектен тұратын панорамалық терезелер. Министрлік мәліметінше, қандай материалдан жасалса да, олардың барлығы белгілі бір деңгейде қауіпті. Мәселен, пластик терезелер оңай әрі толық ашылады. Ал панорамалық терезелердің төмен орналасуы балалар үшін аса қауіпті. Ағаш терезелерге келсек, ескі болған жағдайда олардың бекіткіштері әлсіреп, қауіпсіздік деңгейі төмен болады. Жалпы, терезеден төнетін қауіп оның қандай материалдан жасалғанында емес, қорғаныс құралдарының болмауы мен терезенің ашық күйде қалуынан келеді. Дәл осы факторлар қайғылы жағдайлардың негізгі себебі.
— ТЖМ москит торлары қауіпсіздік құралы емес екенін үнемі ескертеді. Олар тек жәндіктерден қорғайды, баланың салмағын көтермейді. Балалар торға сүйенген жағдайда, тор оп-оңай жыртылып кетеді. Бұл тұста арнайы шектеуіштер мен блокираторлар – тиімді қауіпсіздік құралдарының бірі. Олар терезені толық ашуға жол бермейді, баланың өз бетінше ашуына кедергі жасайды, құлау қаупін айтарлықтай төмендетеді, - деп жазылған ведомство хабарламасында.
Құзырлы органдар да бұл мәселені назардан тыс қалдырмайды. Былтыр мұндай қайғылы жағдайлардың алдын алу мақсатында ел бойынша 10 мыңнан астам профилактикалық жұмыс жүргізілген. Әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған отбасыларға 10 мың терезе бұғаттағышы тегін орнатылды.
Ал 2026 жылы 433 түсіндіру жұмысы үшін құрылған топ 12 мыңнан астам адамды терезеден келетін қауіп түрлері жайлы құлағдар еткен. Мамандар «Қауіпсіз терезе» акциясы аясында көпқабатты тұрғын үйлердің терезелеріне 1,1 мыңнан астам блокиратор орнатты.
— Бұл бағытта әлеуметтік желілерде 850-ге жуық мақала жарияланды, 24 мыңнан астам ақпараттық материал таратылды. Демалыс кезінде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және терезеден құлау жағдайларын болдырмау мақсатында барлық ата-аналарға ақпараттық хабарламалар мен жадынамалар (WhatsApp арқылы) жіберіледі, - делінген министрліктің ресми жауабында.
Елде «Терезе-SAFE» республикалық науқаны басталды
Бұл мәселе тек бір ғана министрліктің құзырында емес. Елде «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы аясында «Терезе-SAFE» кең ауқымды ақпараттық науқаны жүзеге асырылып жатыр. Аталған бастама бірнеше мемлекеттік органның, соның ішінде Оқу-ағарту министрлігінің бірлескен жұмысы негізінде іске асады. Негізгі мақсат – балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және алдын алу шараларын күшейту.
— Науқанның негізгі элементі — әр отбасының күнделікті өміріне «Қауіпсіздік минуты» ережесін енгізу. Ережеге сәйкес ата-аналар күн сайын үй ішін тексеріп шығуға дағдылануы керек. Тексеру кезінде терезе бұғаттағыштарының беріктігіне және терезе алдында бала шығып кететін жиһаздың тұрмауына баса назар аудару қажет. Басты мақсат — әрбір ата-ананың бойында тұрмыстық қауіпсіздік дағдысын қалыптастыру, - деп мәлімдейді ведомство.
Науқан аясында өңірлерде бірқатар іс-шаралар жоспарланған. Білім беру саласында әр мектеп пен балабақшада «Қауіпсіз үй» тақырыбында сабақтар өтіп, ата-аналар жиналыстары ұйымдастырылады. Тұрғын үй секторында тұрғындармен бірлесіп, терезелерге арнайы қорғаныс құлыптарын орнату жұмыстары жүргізіледі. Ал денсаулық сақтау саласында медицина қызметкерлері үйлерде шағын «қауіпсіздік аудитін» өткізіп, ата-аналарға нақты ұсыныстар мен практикалық кеңестер береді екен.
Тұрғын үй құрылысы саласында қауіпсіздік – басты талап
Ақпараттық-түсіндіру жұмыстары күшейтілгеніне қарамастан, терезеден төнген қауіп тоқтар емес. Сондықтан мемлекет алдын алу шараларын заңнамалық деңгейде нақтылап отыр. Атап айтқанда, 2024 жылы сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласына қатысты бірқатар заңдарға өзгерістер енгізілді. Жаңа заңға сай тұрғын үй құрлысына жауапты әр компания терезелердегі қауіпсіздікті қамтамасыз етуі керек.
— «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» Заңға сәйкес (27-2-баптың 2-тармағы және 27-2-баптың 3-тармағы) құрылыс салушылар жаңа тұрғын үйлерде терезе ойықтарын құлыптармен және қауіпсіздік механизмдерімен қамтамасыз етуге міндетті деп өзгертілді, - делінген ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің ресми жауабында.
Сондай-ақ «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңға сәйкес (51-1-баптың 5-тармағының 3 тармақшасы, 51-5-баптың 2-тармағының 3 тармақшасы және 51-6-баптың 4-тармағының 2 тармақшасы) пәтер иелерінің қауіпсіз тұруын қамтамасыз ету мәселелері мүліктің меншік иелері бірлестігі, пәтерлер меншік иелерінің кооперативі және басқарудың өзге де нысандарының құзыретіне жатады.
Үш айда 8 мыңнан астам ата-ана жауапкершілікке тартылды
Алайда басты себеп – адами фактор. Көп жағдайда ата-аналар балаларын көзден таса қалдырып жатады. Бүлдіршіндердің қимылы ширақ, ал аз ғана бейқамдықтың өзі қайғылы жағдайға әкелуі мүмкін. Сондықтан құзырлы органдар әр ата-ананы өз перзентінің қауіпсіздігіне ерекше жауапкершілікпен қарауға шақырады. Себебі ата-ана балаға бас-көз бола алмаса, заңнамаға сәйкес 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады. Бұл шамамен 70 мың теңге. Ресми дерекке сәйкес, соңғы үш айдың өзінде осы бап бойынша 8 мыңнан астам ата-ана мен заңды өкіл жауапкершілікке тартылған.
— Кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдамағаны үшін ӘҚБтК-нің 127-бабына сәйкес 20 АЕК-ке дейін айыппұл немесе 10 тәулікке дейін әкімшілік қамақ түрінде жауапкершілік көзделген, - дейді ҚР Бас прокуратурасы.
Бұған дейін Бас прокуратура балалардың терезеден құлауына байланысты тұрғындарға ескерту жасаған еді.