ІІМ технологиялық жаңалықтарды жүйелі түрде енгізіп келе жатыр. Кеңестің алдында «Видео НД», E-AYGAQZAT кешені және электрондық қылмыстық іс жүргізу жүйесіне жасанды интеллектіні интеграциялау сияқты бірқатар цифрлық жобалар таныстырылды. Бұл цифрлық шешімдер тергеу процестерін оңтайландыруға, сондай-ақ атқарылатын жұмыстардың сапасын арттыруға көмектеседі. Кіріспе сөзінде Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов құқықтық жүйені дамытудың қазіргі кезеңі заңнаманың неғұрлым тұрақты формаларына көшуді талап ететінін атап өтті.
— Тергеу тиімділігін арттыру — біздің ортақ мақсатымыз. Сондықтан жаңа Қылмыстық және Қылмыстық-процестік кодекстерді қабылдауды кейінге қалдыруға болмайтын объективті қажеттілік деп санаймыз. Ішкі істер министрлігі заңнаманы жетілдіруге бағытталған кез келген кәсіби диалогқа ашық, — деді ол.
Жиын барысында заңнаманы жүйелі реформалау мәселелері қаралды: тұрақты құқықтық нормаларды қалыптастыру, азаматтардың құқықтарын қорғау мен процестік институттарды оңтайландыру арқылы тергеудің заманауи тәсілдерін енгізу талқыланды. Мәжіліс депутаты Абзал Құспан, профессорлар Марат Қоғамов, Арстан Ахпанов және басқа да қатысушылар баяндамаларында реформаға қатысты өз пікірлерін білдірді. Кездесуді қорытындылай келе, ІІМ Тергеу департаментінің бастығы Самат Аисов алдағы жұмыстың практикалық бағыттарын айқындап берді.
— Бүгінгі семинар-кеңес құқық қолдану тәжірибесінің өзекті мәселелерін және ҚК мен ҚПК нормаларын жүйелі түрде жетілдіруді талқылайтын маңызды алаңға айналды. Кездесу қорытындысы бойынша тергеу жұмысының тиімділігін арттыруға және азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейтуге бағытталған ұсыныстар әзірленеді, — деп атап өтті ол.
Мұндай іс-шараларды өткізу қоғамның қазіргі сұраныстарына және құқықтық мемлекет қағидаттарына сай келетін тиімді шешімдерді қабылдауға мүмкіндік береді.
Бұған дейін Ішкі істер министрлігінде өткен кеңейтілген алқа отырысында қылмыс 9%-ға төмендедегені хабарланды.