Тергеушіге пара ұсынған ақмолалық 600 мың теңге айыппұл төлейді

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Тергеушіге пара ұсынған Ақмола облысының тұрғыны 600 000 теңге айыппұл төлейтін болды. Бұл шешімді шығарған Степногор қалалық соты оған қоса, кінәліні өмір бойына мемлекеттік қызметте істеу құқығынан айырды.

Биыл ақпан айында 62 жастағы Ақкөл ауданы Приозерное аулының тұрғынына қатысты Степногор қалалық ІІБ тергеушісінде ҚР ҚК 287 бабының 3 бөлімі (заңсыз қару, жарылғыш заттар мен қондырғыларды сақтап, сатып алу және тасымалдау) бойынша іс болған еді.  Қылмыстық істі тергеу барысында 2016 жылдың 12 наурызында аталған ер адамның  үйін тінту барысында тергеушімен жеке қалған ол пара ұсынады. Тергеуші парадан үзілді кесілді бас тартып, керсінше пара ұсынғаны үшін заң алдында жауапқа тартылатынын ескерткен. Алайда, ер адам қоярда қояр болмай өзіне қатысты қылмыстық істі жауып тастауды өтінеді.

Осыдан кейін тергеуші күдіктінің әрекетін Ақмола облыстық ІІД Өзіндк қауіпсіздік басқармасына хабарлайды.

29 наурызда күдікті Степногор қалалық ІІБ жауап алуға шақырылады. Тергеу әрекеті аяқталған соң күдікті тағыда тергеушіге пара ұсынып, жұмыс үстеліндегі қағаздың астына 30  000  мың теңгені қояды.

Сол жерде күдікті ІІД Жеке қауіпсіздігі басқармасы мен жемқорлыққа қарсы қызметтің қызметкерлерімен ұсталып, үстінен ҚР ҚК 367-бабының 1-бөлімі бойынша қылмыстық іс қозғалады.

«Осыған орай Степногор қалалық соты кінәліге жаза ретінде  600 000  айыппұл салып, оған қоса өмір бойына мемлекеттік қызметте істеу құқығынан айырды», деп көрсетілген хабарламада.