Tesla әлі күнге электромобильдер секторында үстемдік етіп келеді. Автомобиль жасау саласына қажет технологиялар мен қызметтер ұсынатын Cox Automotive компаниясының мәліметтері бойынша, Tesla сатылымының көп бөлігін Model Y және Model 3 модельдері беріп отыр. Cybertruck қымбат, оған сұраныс төмен.
АҚШ-тың көлік бағалау фирмасы Kelley Blue Book мәліметтері бойынша, Tesla 2025 жылы тек 20 237 Cybertruck сатқан, бұл 2024 жылғы 38 965-тен екі еседей аз. Ал Маск кезінде жылына 250 000 кибержүк көлігі сатылады деп болжаған.
Дегенмен, көлік артқы көрініс камерасындағы, педальдардағы және басқа да компоненттердегі мәселелерге байланысты бірнеше рет кері қайтарылып алынды. Сондықтан, компания өздігінен жүретін Cybercab такси көлігін өндіру көлемін арттыруға көбірек көңіл бөлмек.
— Маск бар назарын робототехникаға және роботакси саласына аударады, өйткені Cybertruck өндірісі аяқталып келеді, — деді Уолл-стрит талдаушысы Дэн Айвз.
2024 жылы Tesla рульсіз және педальсыз екі орындық Cybercab көлігін таныстырды. Оны жасауға компанияның Техастағы зауыты биыл сәуір айында кірісті, ал сатылым Техас штатының Остин қаласында қыркүйек айында басталды.
Еске сала кетейік, қыркүйекте Tesla роботаксиге тапсырыс беру үшін қолданылатын қосымшаны іске қосқаны хабарланған.
Tesla 2027 жылы адам тектес Optimus роботтарын сатылымға шығармақшы.